Отбасы күні аясында Бадамша мектеп-бөбекжай-бақшасында 5-сынып оқушылары мен Әкелер клубының мүшелері арасында «Әке мен бала: бір жүрек, бір мақсат» атты мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шараға шақырылған әкелер: Унербаев Н.А., Дабылдин Е.Е., Жұбан М.С., Сатыбалдин Т.М., Искаков А.О., Березюк Д.А.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Әкелер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, өздерінің балалық шақтарын еске алды, өмірлік тәжірибелері мен білімдерін балаларымен бөлісті, түрлі өмірлік жағдаяттарды бірге талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырды.
Кездесудің ерекшелігі – әкелердің өз ұлдарымен бірге белсенді қатысуы болды. Олар балаларына қолдау көрсетіп, ер азаматқа тән жауапкершілік, қамқорлық пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Іс-шараның басында мектеп директоры Шаметова Р.К. құттықтау сөз сөйлеп, бала тәрбиесіндегі әкенің маңызды рөліне тоқталды. Әкенің бала өміріндегі орны ерекше екендігін, оның тұлғалық қалыптасуына, мінезі мен өмірлік құндылықтарының қалыптасуына үлкен ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуге ерекше әсер мен жылулық сыйлаған сәттердің бірі – жас маман, музыка пәнінің мұғалімі Оразбаев А.А.орындаған «Әке туралы» атты әсерлі ән болды.
Іс-шара соңында белсенді қатысқаны және мектеп өміріне қолдау көрсеткені үшін әкелер мен олардың балаларына алғыс хаттар табысталды.
Осындай кездесулер әкелер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара түсіністік пен сыйластықты арттыруға ықпал етеді. Отбасыдағы әкенің өнегесі – бала үшін өмір бойы бағыт-бағдар беретін құндылық.
Әке – отбасының тірегі, баланың қорғаны, өмір жолындағы бағыт берер шамшырағы!
Бір жүрек – бір мақсат, әке мен бала әрқашан бірге!
